Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековті қабылдап, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.
Қала әкімінің мәліметінше, өткен жылы Шымкенттің өңірлік жалпы өнімі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға өскен. Осы көрсеткіш бойынша қала өңірлер арасында екінші орынға шыққан.
Сондай-ақ 2025 жылы қала экономикасына 859,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 72 пайызы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілген. Жалпы өсім көлемі 7,5 пайызды құрады.
Ғабит Сыздықбеков соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңге болатын 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылғанын айтты.
Әкімнің айтуынша, бүгінде Шымкентте белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133 мыңға жеткен. Олар өндірген өнім көлемі 4,7 триллион теңгені құрап, шағын және орта бизнестің өңірлік жалпы өнімдегі үлесі 41 пайыздан 56 пайызға дейін артқан.
Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсіп, әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында жоғары қарқын байқалған.
Кездесу барысында Президентке әлеуметтік инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы да баяндалды. Қазіргі уақытта қалада 200 орындық заманауи перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар биыл 150 орынға арналған оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, Шымкентте 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлеріне, сондай-ақ бочча спортына арналған мамандандырылған кешендер салынып жатыр.
Қала әкімі білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Шымкент қаласын одан әрі дамыту, инвестиция тарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.