Студенттер сарайының бір бөлігі түнде құлады: ҚазҰУ мән-жайды түсіндірді

Студенттер сарайының бір бөлігі түнде құлады: ҚазҰУ мән-жайды түсіндірді
Жарас Ниязбек

Алматыда ҚазҰУ-ға қарасты Студенттер сарайы ғимаратының бір бөлігі құлағаны туралы ақпарат тарады. Оқиға түнгі уақытта болған. Әлеуметтік желіде куәгерлер оқиға орнынан түсірілген видеоларды жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

ҚазҰУ өкілдерінің мәліметінше, ғимарат қазір қайта жаңғыртылып жатыр. 2023 жылы жүргізілген техникалық тексеру барысында нысан бағандарының тот басқаны, ғимараттың жекелеген бөліктерінде деформация болғаны және шатырдың зақымданғаны анықталған. Университет мамандары ғимараттың жағдайына 2024 жылы болған жер сілкіністері де әсер етуі мүмкін екенін айтқан.

Нысанды бұзу емес, қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданған. Шатырды бөлшектеу жұмыстары алдын ала жоспарланған және қауіпсіздік талаптарына байланысты түнгі уақытта жүргізілген.

Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін Студенттер сарайының тарихи келбеті сақталмақ.