Алматы облысында жеке сот орындаушыларына қатысты тексеру кезінде тосын дерек анықталды. 20 жеке сот орындаушысы букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға тұрақты қатысып, ойын шоттарына жалпы 180 млн теңгеге жуық қаражат аударған, деп хабарлайды ult.kz.
Тексеру барысында кейбірінің букмекерлік шоттарын жүйелі түрде толықтырып отырғаны белгілі болған.
Мәселен, жеке сот орындаушыларының бірі үш жыл ішінде құмар ойындарға арналған шотына 139 млн теңге аударған. Тағы бір маман осы мақсатқа 26 млн теңге жұмсаған.
Алматы облысының прокуратурасы мұндай әрекет кәсіби әдеп талаптарына қайшы келетінін атап өтті. Себебі жеке сот орындаушылары азаматтар мен ұйымдардың мүліктік құқықтарына қатысты маңызды міндеттерді атқарады.
«Маңызды функцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың осындай көлемдегі қаражатпен құмар ойындарға қатысуы кәсіби әдеп қағидаттарына қайшы келеді және қоғамның жеке сот орындаушылары институтына деген сеніміне кері әсер етеді», – деп хабарлады прокуратура.
Анықталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері Алматы облысының Әділет департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жолданды.
Құзырлы органдар алдында заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау мәселесі көтерілді.