Freedom Inside '26

Шетелде көзінің түсін өзгертпек болған алматылық әйел I топ мүгедегі атанды

Шетелде көзінің түсін өзгертпек болған алматылық әйел I топ мүгедегі атанды
florencehealthcare.international

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгертемін деп шетелде ота жасатып, ауыр асқынулардың салдарынан көру қабілетінен айырылып қала жаздады. Дәрігерлер күрделі операция жасап, оның бір көзінің көру қызметін ішінара қалпына келтірді, деп хабарлайды ult.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, әйел шетелде косметикалық мақсаттағы көз түсін өзгерту операциясын жасатқан. Алайда отадан кейін глаукома мен көздің мөлдір қабығының бұлдырлануы сияқты ауыр асқынулар пайда болған.

Салдарынан науқастың бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзі тек жарықты ғана ажырата алған. Осыған байланысты оған I топтағы мүгедектік белгіленген.

Әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше медициналық орталыққа жүгінгенімен, ешбір маман көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Дегенмен жарықты сезу қабілеті сақталған бір көзі оның көруін қалпына келтіруге жалғыз мүмкіндік болған.

Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмологтары науқасқа екі сағатқа жуық созылған күрделі операция жасады. Ота барысында көзішілік қысымды төмендетуге арналған антиглаукомалық операция жүргізіліп, көздің мөлдір қабығына трансплантация жасалды.

Дәрігерлердің айтуынша, хирургиялық емнің нәтижесінде көзішілік қысым қалыпқа келтіріліп, операцияға дейін тек жарықты ғана сезген көздің көру қызметі қалпына келген. Қазір пациент қайтадан көре бастады және дәрігерлердің тұрақты бақылауында оңалту курсынан өтіп жатыр.