«Сахнаның киесі жоқ»: Бекболат Тілеуханның пікірі қызу талқыға түсті

«Сахнаның киесі жоқ»: Бекболат Тілеуханның пікірі қызу талқыға түсті
видеодан скриншот

Термеші, бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында сахнаның киесі туралы ойын айтып, бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

«Сахна киелі дейді. Ешқандай киесі жоқ. Мінбердің киесі болуы мүмкін. Сахна дегеніміз – еден мен микрофон. Онда мен отырған жер де сахна. Оны кие-пие деп, өзін қатардағы адам көргісі келмей айтатын мақтаншақ адамдардың сөзі болып көрінеді маған», – деді ол.

Бұл пікір әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, оқырмандардың түрлі реакциясын тудырды. Кейбір қолданушылар Тілеуханның бұрын термеші болып жүрген кезінде сахнаның киесі туралы айтқанын еске салса, енді бірі өнер сахнасының киелілігі оны тамашалайтын халықтың ықыласымен өлшенетінін жазды.

Желі қолданушыларының арасында «Қанша халықтың назары бар, сондықтан сахна киелі», «Музыканы харам деп ашық айта алмағандықтан осылай айтып отыр» деген пікірлер де жарияланды.

Бұған дейін өнер иесі үш әйелімен қарым-қатынасы туралы ашық айтып, олардың да адам ретінде қызғаныш сезімін бастан кешіретінін жасырмады.