Сарапшы: Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған

Сарапшы: Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған
жеке мұрағаттан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қарсаңында Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері Дархан Шүкірбайұлы Төкеев конституциялық реформаның елдің саяси жаңғыруы мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты күшейтуге бағытталған.

"Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа еліміздің саяси жаңғыруы мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған", - дейді ол.

Дархан Шүкірбайұлының айтуынша, Реформаның маңызды бағыттарының бірі — қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайту. Осы тұрғыда Құрылтай, Халық кеңесі, Вице-Президент институты және басқа да қоғамдық-саяси тетіктердің маңызы арта түседі.

"Бұл институттар азаматтардың пікірін ескеруге, ашық диалог орнатуға және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жетілдіруге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтық қоғам институттарын дамытуға негіз қалыптастырады. Сонымен қатар бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін заман талабына сай жаңғыртып, қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасауға бағытталған", - деп есептейді ол.

Сарапшы қорытындылай келе, конституциялық реформа — тек заңнамалық өзгерістер жиынтығы емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды қадам екенін атап өтті.

"Оның түпкі мақсаты — халықтың мүддесін қорғау, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Конституция ел дамуының берік негізі ретінде уақыт талабына жауап беріп, әділетті әрі заманауи Қазақстанды қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Сондықтан конституциялық реформаның табысты жүзеге асуы әр азаматтың белсенділігіне, жауапкершілігіне және ел болашағына деген ортақ ұстанымына тікелей байланысты", - деді заңгер.