«Шал» фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ерболат Тоғызақов осы күнге дейін жеке баспанасы болмағандықтан отбасын құрмағанын айтты. Оның сөзінше, қазір зейнетақысымен пәтер сатып алу мүмкін емес. Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» YouTube жобасында айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Актердің айтуынша, жастық шағында кеңестік кезеңде пәтер алу мүмкіндігі болмаған, ал қазір оған қаржылық жағдайы мүмкіндік бермейді.
«Өз ақшама пәтер алу — орындалмайтын нәрсе. Пәтер бұйырса екен деген арманым бар. Өзімнің меншікті пәтерім болмаса, қалай үйленемін? Осы күнге дейін неге отбасын құрмадым, неге пәтерім жоқ?», – деді ол.
Ерболат Тоғызақов өзіне жеке баспанасы болмайынша үйленбеймін деп серт бергенін жеткізді. Алайда бүгінде 78 жасқа келсе де, бұл арманы орындалмаған.
Ол отбасының кезінде Сібірден Қазақстанға көшіп келгенін, ұзақ уақыт жалдамалы пәтерде тұрғандарын еске алды. Әкесі тек 1964 жылы ғана пәтер алғанын айтты.
«Сол кезде «өз пәтерім болмаса, үйленбеймін» деп өзіме сөз бердім. Өз қолыммен жағдай жасамайынша шаңырақ құрмаймын деп шештім. Бірақ оған күшім жетпеді. Өкінетін ештеңе жоқ. Көңілімде жүрген адам әлі де бар. Егер жағдай болса, бірге жүрер едік», – деді актер.
Соған қарамастан, Ерболат Тоғызақов өткен өміріне еш өкінбейтінін, қайта өмірге келсе де дәл осы тағдырды таңдайтынын айтты.
«Мен осы өміріме өте ризамын. Қаншалықты қиын болса да, бәрі артта қалды. Қазір, Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Тек маған қазір күш-қуат жетпейді. Бірақ қайта тусам да, осы өмірімді қайта сүрер едім», – деді ол.