Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыпталуда, деп хабарлайды ult.kz.
Кезекті сот отырысында жәбірленушілердің бірі, Алматы қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев жауап берді. Оның айтуынша, Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы туралы алғаш рет кезекші инспектордан хабар алып, оқиға орнына барған.
«Бірнеше күннен кейін Әділетхан Молдахан жариялаған бейнежазба тарай бастады. Онда айтылған мәліметтердің маған еш қатысы жоқ және олар шындыққа сәйкес келмейді», – деді Шумаев сотта.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған «ықпалды адамдардың балаларына қамқорлық жасады» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Ешқандай “золотая молодежді” қорғаған емеспін. Егер заң бұзушылыққа жол берген болсам, Ішкі қауіпсіздік қызметі тиісті шара қабылдар еді», – деді бұрынғы полиция қызметкері.
Шумаев Әділетхан Молдаханды жеке танымайтынын, тек блогер ретінде білетінін айтты. Ол екінші жәбірленуші Ержан Ұзабаевқа қатысты жарияланған мәліметтердің де шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
Сот барысында «Сізге нақты қандай зиян келді?» деген сұраққа жауап берген Серік Шумаев қоғамда туындаған резонанстан кейін қызметінен кетуге мәжбүр болғанын және қазіргі уақытта жұмыссыз екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылған.
Бұған дейін жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге және сот шығындары үшін 1 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз берген болатын.