Автокөлік сатып алғанда көпшілік қозғалтқыштың қуатына, сыртқы келбетіне немесе бағасына назар аударады. Алайда тәжірибелі автосарапшылар ескеретін тағы бір маңызды фактор бар – көліктің өтімділігі. Яғни, оны кейін қайта сату қаншалықты оңай болады?
Қазақстанның қайталама автонарығында кейбір модельдер техникалық жағынан жаман болмаса да, сатып алушылар арасында сұранысқа ие емес. Мұндай көліктер уақыт өткен сайын бағасын тез жоғалтып, ұзақ уақыт сатылмай тұруы мүмкін. Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздегі ең өтімді көліктер туралы да жазған болатынбыз.
Автонарық мамандары өтімділігі төмен автомобильдерді сатып алмас бұрын олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін мұқият саралауға кеңес береді.
Қытай көліктері бағасын тез жоғалтып жатыр
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда ең көп құнсызданып жатқан сегменттердің бірі – Қытайда шығарылған автомобильдер.
Әсіресе Chery Tiggo 4 Pro, Tiggo 2 Pro және бірқатар басқа модельдер бұрынғы бағасымен салыстырғанда бірнеше миллион теңгеге арзандаған. Бұрын 7–9 миллион теңгеге сатылған көліктердің кейбірі бүгінде 5–6 миллион теңгеге де сатып алушы таба алмай жүр.
Маманның пікірінше, мұндай жағдайдың бірнеше себебі бар:
екінші нарықтағы ұсыныстың көбеюі;
сатып алушылардың сенімінің толық қалыптаспауы;
қосалқы бөлшектерге қатысты күмән;
болашақтағы бағасының белгісіздігі.
Сонымен бірге барлық қытайлық модельдер бірдей емес. Мысалы, Changan CS55 немесе JAC J7 секілді көліктердің жағдайы салыстырмалы түрде жақсырақ болғанымен, оларды да тез әрі тиімді бағамен өткізу оңай емес.
Жақсы көлік болғанымен, сұранысы төмен модельдер бар
Нарықтағы өтімділік әрдайым көліктің сапасын білдірмейді.
Мысалы, Lexus IS F Sport жүргізу қасиеттері жағынан өте жақсы бағаланғанымен, оған көбіне тек осы модельді арнайы іздейтін адамдар ғана қызығушылық танытады.
Осындай жағдай Volvo көліктеріне де тән.
Сарапшы бұл марканың қауіпсіздігі жоғары, жабдықталуы бай екенін айтқанымен, Қазақстанда оған деген сұраныс төмен екенін атап өтті. Әсіресе Қытайда құрастырылған Volvo модельдері сатып алушылар арасында аса танымал емес. Бұған қосалқы бөлшектердің аздығы мен қызмет көрсету шығындары әсер етеді.
Кейбір еуропалық көлік модельдерінің әлсіз тұстары
Volkswagen Passat пен Golf модельдері де өтімділігі төмен көліктер қатарына енгізілген.
Әсіресе 2012 жылға дейін шығарылған Passat үлгілерінде қозғалтқыштағы май шығынының көп болуы және газ тарату тізбегінің созылуы сияқты ақаулар жиі кездеседі.
Сонымен қатар Volkswagen маркасының техникалық қызмет көрсетуі мен қосалқы бөлшектері басқа брендтермен салыстырғанда қымбатқа түседі. Бұл факторлар олардың екінші нарықтағы сұранысын төмендетеді.
Ал Golf-тың бесінші буыны сенімділігі жағынан сәтсіз модельдердің бірі ретінде бағаланып отыр. Сондықтан сатып алушылар бұл көліктерге сақтықпен қарайды.
Қосалқы бөлшек мәселесі сатып алушыны шошытады
Өтімділігі төмен көліктердің тағы бір үлкен мәселесі – қосалқы бөлшектер.
Chevrolet Captiva, Suzuki, Lifan немесе бұрынғы қытайлық брендтердің кейбір модельдеріне қажетті бөлшектерді әсіресе өңірлерден табу қиын.
Сарапшының айтуынша, Алматы секілді ірі қалаларда қажетті бөлшектер кездескенімен, облыстарда жөндеу жұмыстары әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.
Сатып алушылардың басым бөлігі дәл осы себептен мұндай көліктерден бас тартады.
Ескі көліктерге сұраныс жылдан-жылға азайып келеді
Автонарықтағы тағы бір байқалған үрдіс – ескі көліктердің өтімділігінің төмендеуі.
Бұрын сұранысқа ие болған Mercedes-Benz, Mazda, Subaru, Nissan Primera және басқа да көптеген модельлер бүгінде айлап сатылмай тұруы мүмкін.
Мұның басты себебі – сатып алушылардың несиеге болса да жаңа автомобиль алуға ұмтылуы.
Қазіргі таңда көпшілік қолжетімді жаңа Chevrolet Cobalt, Hyundai, Kia немесе Қытайдың жаңа модельдерін таңдағанды жөн көреді. Сондықтан жасы жиырма жылдан асқан көліктердің нарықтағы бағасы тұрақты түрде төмендеп келеді.

Сарапшы қандай көліктерді таңдауға кеңес береді?
Автомаманның пікірінше, автомобиль сатып алғанда болашақтағы сатылымды да алдын ала ойлаған жөн.
Егер көлік ұзақ жыл пайдалануға алынбаса, өтімділігі жоғары модельдер әлдеқайда тиімді болады.
Маман ең алдымен нарықта сұранысы тұрақты брендтерге назар аударуға кеңес береді. Оның ішінде:
Toyota;
Hyundai;
Kia;
кең таралған әрі сенімді модельдер.
Ал өтімділігі төмен көліктерді тек оларды ұзақ уақыт пайдалануды жоспарлаған және техникалық қызмет көрсету шығындарына дайын адамдар ғана қарастырғаны дұрыс.
Өйткені мұндай автомобильдердің негізгі кемшілігі – кейін сату кезінде айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырау қаупі жоғары.