Қазақстанда 10–15 млн теңге аралығындағы ең өтімді 5 көлік белгілі болды

Қазақстанда 10–15 млн теңге аралығындағы ең өтімді 5 көлік белгілі болды
Коллаж: Kolesa.kz

Қазақстанда бағасы 10–15 миллион теңге аралығындағы жаңа автокөліктерге деген сұранысқа қатысты жаңа зерттеу жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.

Сарапшылар 2025 жыл бойы Kolesa.kz платформасындағы пайдаланушылардың қызығушылығын саралап, Алматыда өткен «Жаңа автокөліктер» конференциясында осы баға санатындағы ең сұранысқа ие модельдердің тізімін ұсынды.

Ресми дилерлік орталықтардың сатылымына қарағанда, бұл сегментте бұрыннан Hyundai Tucson мен Kia Sportage көш бастап келеді. Алайда жеке импорттаушылардың ұсыныстары ескерілгенде, сатып алушылардың таңдауы өзгеше болып шықты.

1-орын – Deepal S07

Бағасы 10–15 млн теңге аралығындағы ең танымал жаңа көлік – Deepal S07 болды. Бұл модель Қазақстанда гибридті және толық электрлі нұсқаларда сатылғанымен, сатып алушылар көбіне гибридті түрін таңдаған.

Көлік 1,5 литрлік 96 ат күшіне ие бензин қозғалтқышымен және артқы оське орнатылған 241 ат күшіндегі электрмоторымен жабдықталған. Электр қуатымен 121–200 шақырымға дейін жүре алады, ал өндіруші мәлімдеген жалпы жүріс қоры 1280 шақырымды құрайды. Дегенмен Kolesa.kz редакциясының сынақтары нақты көрсеткіштің бұдан төмен екенін көрсеткен.

2-орын – Changan CS55 Plus

Екінші орынға Changan CS55 Plus тұрақтады. Бұл кроссовер Қазақстандағы ресми дилерлерде 10,5–11 млн теңге аралығында сатылады. Ал рестайлингке дейінгі нұсқасының бағасы 9,3–10 млн теңгені құрайды.

Екі нұсқа да 181 ат күшіндегі 1,5 литрлік турбоқозғалтқышпен және 7 сатылы роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталған. 

Сонымен қатар жеке импорттаушылар Қытай нарығына арналған жаңартылған буынын да ұсынуда.

3-орын – Kia Sportage

Үздік үштікті Kia Sportage түйіндеді. Бұл модель ресми автосалондардағы сатылымда да көшбасшылар қатарында.

Қазақстанда негізінен Қостанайда құрастырылған Sportage сатылса, жеке импорт арқылы Қытайдан жеткізілген Sportage Ace нұсқалары да кездеседі. Бұл модель сыртқы келбетімен ғана емес, көлемі жағынан да ерекшеленеді. Оның ұзындығы мен доңғалақ базасы кәдімгі Sportage-ке қарағанда ықшам.

Қытайлық нұсқалар 200 ат күшіндегі 1,5 литрлік турбомотор немесе 161 ат күшіндегі 2 литрлік атмосфералық қозғалтқышпен ұсынылады. Бағасы 11,7 млн теңгеден басталады.

4-орын – Changan CS75 Plus

Төртінші орында Changan CS75 Plus орналасқан.

2026 жылғы шығарылымдағы бұл модель ресми дилерлерде 11,6–14 млн теңге аралығында бағаланады. Ол 181 ат күшіндегі 1,5 литрлік турбомотор немесе 235 ат күшіндегі 2 литрлік қозғалтқышпен ұсынылады. Қуатты нұсқасы толық жетекпен жабдықталған.

Параллель импорт арқылы жеткізілген көліктердің бағасы шамамен 10 млн теңгеден басталады және кейбір нұсқалары бұдан да арзан.

5-орын – Kia Seltos

Ал алғашқы бестікті Kia Seltos қорытындылады.

Бұл кроссоверді ресми дилерлерден де, жеке импорттаушылардан да сатып алуға болады. Қазақстанда құрастырылған нұсқалары 2 литрлік қозғалтқышпен және вариатормен жабдықталып, бағасы 11–13,5 млн теңге аралығында.

Ал Қытайдан жеткізілетін Seltos 1,5 литрлік қозғалтқышпен, алдыңғы жетекпен және CVT беріліс қорабымен ұсынылады. Оның бағасы 10,2 млн теңгеден басталады. Алайда 2026 жылы мұндай көліктердің сатылымдағы саны айтарлықтай азайған.