Құрбан айт жақындаған сайын Қазақстанда құрбандыққа шалынатын мал бағасы күрт қымбаттады. Биыл әсіресе ірі қара мен қой құны айтарлықтай өсіп, кей өңірлерде баға бір жылда 40 пайыздан асып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Energyprom.kz сайтының жазуыншағ 2026 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша елдегі мал басы барлық негізгі санаттарда көбейген. Ірі қара саны 9,2 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артты. Қой саны 21,1 миллионға, ешкі 2 миллион басқа жетсе, ең жоғары өсім жылқы шаруашылығында тіркеліп, көрсеткіш 7,1 пайызға өскен.
Малдың басым бөлігі әлі де жеке шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында ұсталады. Ірі қараның жартысына жуығы ауыл тұрғындарының ауласында болса, қой мен ешкі шаруашылығында да жеке сектор негізгі үлесті иеленіп отыр.
Мал саны бойынша көш басында Түркістан облысы тұр. Өңірде 1,2 миллион ірі қара, 4,7 миллион қой және жарты миллионнан астам жылқы бар. Ал түйе шаруашылығы бойынша Маңғыстау облысы алда келеді — елдегі түйенің үштен бірінен астамы осы аймақта өсіріледі.
Құрбан айт алдындағы сұраныс мал бағасына тікелей әсер етті. Наурыз айында бір сиырдың орташа бағасы 489 мың теңгеден асса, бұқа 526 мың теңгеге, жылқы 581 мың теңгеге дейін жеткен. Ең қымбат мал — түйе. Еркек түйенің орташа бағасы 804 мың теңгеден асқан.
Қойдың орташа бағасы 77 мың теңге болса, қошқарлар 86 мың теңгеден сатылған. Ал құрбандық шалуға арналған ресми қызмет бағасы бұдан да жоғары. Мәселен, ірі қараны құрбандыққа шалу құны 630 мыңнан 945 мың теңгеге дейін барады. Қой бағасы 100–150 мың теңге аралығында, ешкі 55–100 мың теңге шамасында. Түйе бағасы барлық өңірде бірдей — 1,1 миллион теңге.
Биыл Қазақстанда онлайн құрбандық шалу қызметі де іске қосылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған арнайы платформа арқылы тұрғындар мал сатып алып, құрбандық шалуды қашықтан рәсімдей алады. Бұл дәстүрлі мал базарларындағы саудаға да әсер етуі мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары мал бағасы бірқалыпты өсіп келгенімен, биылғы қымбатшылық ерекше байқалады. Мәселен, ірі қара құны бұрын жылына 4–6 пайыз аралығында өссе, қазір өсім 15,6 пайызға жеткен.
Ең жоғары баға өсімі Абай облысында тіркелді. Бұл өңірде ірі қара бір жылда 42,1 пайызға қымбаттаған. Қарағанды, Түркістан және Қостанай облыстарында да баға айтарлықтай көтерілген. Қой мен жылқы бағасы бойынша да Абай облысы көш бастап тұр.