Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Құдалар сырға әкеледі": Тұрсынбек Қабатовтың қызы қуанышты хабарын жеткізді

"Құдалар сырға әкеледі": Тұрсынбек Қабатовтың қызы қуанышты хабарын жеткізді
Фото-коллаж: ult.kz / ЖИ

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Әдемі Тұрсынбекқызы осы уақытқа дейін құлағын не себепті тестірмегенін айтып, көпшілікті қызықтырған жайтты бөлісті. Оның сөзінше, мұндай шешім қабылдауына әкесінің бала кезінде айтқан ақылы әсер еткен, деп хабарлайды ult.kz.

Әдемі әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың сырға салу дәстүріне қатысты ойын жеткізді. Ол кішкентай кезінде әкесінің осы салттың маңызын түсіндіріп бергенін еске алды.

"Менің әлі күнге дейін құлағым тесілмеген. Кішкентай кезімде папа келіп түсіндірген болатын қазақтарда "сырға салу" деген дәстүр бар екенін. Ертеде құдалар келіп, енді бұл біздің қыз деген ниетпен сырға салу дәстүрін жасап кеткен. Кішкентай кезінен бастап қызға сырға салу жасап, атастырып қоятын да болған", – деді ол.

Әзілкештің қызы әкесінің айтқанын есінде сақтап, болашақта сырға салу рәсімі өткен кезде ғана құлағын тестіруді жөн көрген. Оның айтуынша, бұл күн өзі үшін ерекше болмақ. Себебі өмірінде алғаш рет сырға тағуды жоспарлап отыр.

"Өзіме де қызық болып тұр, себебі өмірімде бірінші рет сол күні сырға тағатын боламын. Басында медициналық сырға тағамын. Бірақ кейін оны ауыстыруға болады. Құдалар жағы күшті сырға алып келеді деп үміттенемін", – деді Тұрсынбек Қабатовтың қызы.

"Жол апатынан кейін ешкім баласының тұсауын кестірмеген": Тамара Асар қандай сынаққа тап болды?

Тұрсынбек Қабатов туралы не белгілі?

Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақ әзіл-сықақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал әзілкеш, актер және тележүргізуші. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданына қарасты Ақпәтер ауылында дүниеге келген.

Өнер иесі көпшілікке қазақы юморды шебер жеткізуімен, күнделікті өмірдегі оқиғаларды әзілге айналдыра білуімен танылды. Оның сахналық қойылымдарында қоғамдағы өзекті мәселелер, отбасылық қарым-қатынас, ұлттық құндылықтар мен адамдардың мінез-құлқы жиі көрініс табады.

Тұрсынбек Қабатов шығармашылық жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубының ойындарына қатысып, әзіл саласындағы шеберлігін шыңдады.

Студенттік кезеңінде "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" командаларының сапында өнер көрсетті. Әсіресе "Казахи" командасының құрамындағы қойылымдары оның танымалдығын арттырды. 2010 жылы аталған ұжым КВН Жоғарғы лигасының вице-чемпионы атанды. Кейін әзілкеш жеке шығармашылық жобаларын қолға алып, Қазақстанның түрлі қалаларында концерттер ұйымдастыра бастады. Оның Астана мен Алматыдағы әзіл кештері көрермендердің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар телевизиялық бағдарламалар мен ойын-сауық жобаларына қатысып, актерлік қырынан да танылды.

Тұрсынбек Қабатов театр саласында да бірқатар бастаманы жүзеге асырды. Ол "Базар жоқ" театрын құрып, әзіл-сықақ бағытындағы жаңа қойылымдарды сахналады. Сондай-ақ белгілі бір кезеңде "Әзіл әлемі" театрының шығармашылық қызметіне араласты.

Өнердегі жетістіктері үшін Тұрсынбек Қабатов бірнеше мәрте марапатталған. 2014 жылы оған "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағы берілді. Бұдан бөлек, ол Казталов ауданының құрметті азаматы атанды.

2015 жылы әзілкешке "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы табысталды.