Қазақстанда алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) атын жамылып, азаматтардың жеке және банк деректерін қолға түсіруге тырысуда, деп хабарлайды ult.kz.
ҚМА-ға мемлекеттік органдардың біріне Агенттік атынан жіберілген кезекті жалған хат туралы ақпарат түскен. Құжатта қаскөйлер белгілі бір азаматқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, оның мінездемесі мен өзге де жеке мәліметтерін сұратқан.
Агенттік мұндай алаяқтық әрекеттердің бұған дейін де тіркелгенін ескертті. Қаскөйлер әуелі ҚМА атынан әзірленген жалған ресми хат жолдап, кейін телефон немесе мессенджер арқылы хабарласады. Өздерін Агенттік қызметкері ретінде таныстырған олар азаматтардың жеке және банк деректерін алуға немесе ақша аударуды талап етуге тырысқан.
ҚМА азаматтарды мұндай хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырды. Агенттік қызметкерлері телефон арқылы банк шотының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді.
Сондай-ақ құжатта мемлекеттік органның логотипі, мөрі немесе қолтаңбасының болуы оның шынайы екеніне кепілдік бермейді.
Күмәнді хат алған жағдайда оның түпнұсқалығын ҚМА-ның ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермей, олардың нұсқауымен ақша аударуға болмайды.
Күмән туындаған жағдайда ҚМА-ның 1458 Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 нөмірі арқылы Кезекші бөлімге хабарласуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда өзін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтардың азаматтан 15 млн теңге бопсалағаны хабарланған болатын.