Қазақстанға заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім кері қайтарылды

Қазақстанға заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім кері қайтарылды
depositphotos.com

Қазақстанға шетелден заңсыз әкелінбек болған жалпы салмағы 107 тонна өнімнің транзитіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды ult.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, тексеру кезінде Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкентке жөнелтілген 88 тонна бидай кебегінің ветеринариялық ілеспе құжаттары мен таңбалауы жоқ екені анықталған. Сонымен қатар өнімге қажетті термиялық өңдеу жүргізілмеген.

Сондай-ақ Беларусьтің Минск облысынан Ташкентке транзитпен жөнелтілген 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен жартылай фабрикаттар да талаптарға сай болмаған.

Нәтижесінде жалпы салмағы 107 тонна болатын барлық өнім жөнелтілген орындарына кері қайтарылды.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері «Сырым» өткізу бекетінде 230 заң бұзушылық анықталған. Осыған байланысты 230 көлік кері қайтарылып, жалпы сомасы 8,9 млн теңге болатын 100 әкімшілік хаттама толтырылған.