Қазақстанға заңсыз әкелінген көліктер көбейген – Премьер-министр

Қазақстанға заңсыз әкелінген көліктер көбейген – Премьер-министр
ktk.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелу деректері әлі де тіркеліп жатқанын мәлімдеп, бұл мәселеге қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Үкімет отырысында сөйлеген Үкімет басшысы ел аумағына заңсыз жеткізілетін көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін айтты.

– Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл, соның ішінде, кеден заңнамасын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, мұндай заң бұзушылықтар әлі де жалғасып жатыр. Осыған байланысты ол Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Атап айтқанда, екі ведомствоға 10 күн ішінде Қазақстанға автокөліктердің заңсыз әкелінуіне тосқауыл қоятын кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Үкіметке ұсыну жүктелді.

Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, кедендік рәсімдердегі заңнамалық олқылықтарды жою қажеттігін де атап өтті.