Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде

Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде
ашық дереккөз

Қазақстанда отандық өндірушілердің өнімін ішкі нарықта ілгерілету және сауда инфрақұрылымына қолжетімділігін кеңейту бойынша жаңа шаралар қолға алынды. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, қазақстандық өнімді қолдау мақсатында тұтынушылық маркетингтің заманауи құралдары енгізілуде. Енді отандық тауарлар сауда желілеріндегі ең сұранысқа ие сөрелерге орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен таңбаланады. Сонымен қатар жаңа өндірушілер үшін арнайы сөрелер мен «жасыл сөрелер» қарастырылған.

Осындай талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және басқа да қазақстандық электрондық сауда платформаларында кезең-кезеңімен енгізілмек. Бұл қазақстандық өнімнің интернет-дүкендердегі көрінуін арттырып, тұтынушыларға оны таңдауды жеңілдетеді.

Бұдан бөлек, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, сауда желілеріне отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуға тыйым салынды. Сондай-ақ сауда желілерімен жыл сайын жасалатын меморандумдарда қазақстандық өнімді өткізуді арттыруға бағытталған нақты міндеттемелер бекітіледі.

Сауда инфрақұрылымындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін ірі сауда орталықтары мен базарлардағы жалдау ақысын қалыптастырудың бірыңғай ережелері енгізілді. Енді жалдау құнын жылына бір реттен артық қайта қарауға болмайды. Сонымен қатар жыл соңына дейін отандық өндірушілерді сауда желілерімен тікелей байланыстыратын QazTrade Retail цифрлық платформасын іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге Үкімет ішкі нарықты қорғау мақсатында бірқатар құрылыс материалдарының импортын шектеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, үшінші елдерден цемент, гипсокартон, табақ шыны, тастан жасалған бұйымдар және құрғақ құрылыс қоспаларын әкелуге қойылған шектеулер ішкі нарықтағы бағаға кері әсер етпей, керісінше отандық өндірістің дамуына серпін берген.

Ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ету үшін минералды тыңайтқыштарды экспорттау лицензиялау тәртібі енгізілді. Бұл фермерлерді тыңайтқышпен белгіленген бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қара металлургияны дамыту, болаттың жаңа түрлерін өндіру және автомобиль, машина жасау мен құрылыс салаларына арналған өнім көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Министрдің айтуынша, өндірісті толық жүктеу және қазақстандық өнімнің өткізу нарығын кеңейту үшін Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылған. Ірі компаниялар отандық кәсіпорындармен ұзақ мерзімді сатып алу келісімдерін кеңейтіп, жергілікті өнім үлесін арттыру және шағын әрі орта бизнесті қолдау бағытындағы бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр.