Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидалары жаңартылды: не өзгерді?

Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидалары жаңартылды: не өзгерді?
ашық дереккөз

Қазақстанда Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңартылған талаптар мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін нақтылап, оларға деген құрметті күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды ult.kz. 

Енді нормативтік құқықтық актілерде бұрынғы «Гимн» атауының орнына «Әнұран» термині қолданылады.

Сондай-ақ Мемлекеттік Туды орналастыру тәртібі нақтыланды. Жеке және заңды тұлғалар Туды ғимараттарға, соның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен іле алады. Бұл мүмкіндік заңнамада бұрын болғанымен, балконға орналастыру тәртібі алғаш рет нақты көрсетілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұрғын үйлерде Мемлекеттік Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы тиіс. Сонымен бірге Туды түнде жарықтандыру міндеті алынып тасталды. Егер ғимараттың қасбетіне Ту ілу мүмкін болмаса, оны ауладағы арнайы ту тұғырына орнатуға рұқсат етіледі.

Қағидаларда Тудың жерге, еденге немесе суға тиюіне жол берілмейтіні тағы бір мәрте нақтыланды. Сонымен қатар өңі кеткен, жыртылған немесе бүлінген Мемлекеттік Туды пайдалануға тыйым салынады. Мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптары сақталған жағдайда Туды автокөлік салонында орналастыруға да рұқсат берілген.

Жаңашылдықтардың бірі – спортшылардың киімі мен жабдықтарына Мемлекеттік Тудың бейнесін орналастыруға рұқсат етілуі. Бұған дейін спорттық киімде тек Мемлекеттік Елтаңбаны қолдануға болатын. Енді бұл құқық Мемлекеттік Тудың бейнесіне де берілді.

Ал Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешекке, төсек-орынға, пердеге, дастарқанға, төсенішке және басқа да тұрмыстық бұйымдарға орналастыруға бұрынғыдай тыйым салынады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, енгізілген өзгерістер мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін біріздендіріп, азаматтар, ұйымдар, спортшылар мен кәсіпкерлер үшін ортақ талаптарды айқындауға мүмкіндік береді.