Қазақстанда 2026 жылы ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1,1 миллион теңгеден асты. Ал инженерлер 702 мың теңге, дәрігерлер 491 мың теңге шамасында жалақы алады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ult.kz.
Бюро 2026 жылғы сәуірде қызметкерлердің жалақы мөлшері бойынша жыл сайынғы зерттеу жүргізген. Зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлер қамтылған.
Зерттеу нәтижесі бойынша ұйым басшыларының орташа айлық есептелген жалақысы 1 101,1 мың теңгені құрады.
Инженерлік-техникалық мамандар арасында инженерлердің орташа жалақысы 702 мың теңге, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердікі 645 мың теңге, инженер-технологтардікі 617 мың теңге, инженер-энергетиктердікі 615,1 мың теңге болды. Ал техниктер орта есеппен 314,7 мың теңге жалақы алады.
Денсаулық сақтау саласында дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 491,4 мың теңгені, фармацевтердің жалақысы 347,7 мың теңгені, фельдшерлердікі 313,6 мың теңгені, мейіргерлердікі 264,6 мың теңгені құрады.
Басқа кәсіптер бойынша бухгалтерлер орта есеппен 398,6 мың теңге, автомобиль жүргізушілері 328,1 мың теңге, аспаздар 192,6 мың теңге, күзетшілер 174,2 мың теңге жалақы алады.
Жалақы мөлшері қалай өзгерді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 58,4%-ға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеген. 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі де 43%-дан 39,3%-ға азайған.
Жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сабақтас кәсіптер жұмысшыларында тіркелген. Олардың орташа жалақысы бір жылда 13,1%-ға өскен. Өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға артқан.
Бюро зерттеуге сәуір айында толық жұмыс істеген қызметкерлерді ғана қосқан. Есептелген жалақыға қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар мен зейнетақы аударымдары кіреді.