Алимент алушыларға арнайы банк шотын ашу міндеттеледі. Бұл шоттағы қаражатқа тыйым салынбайды. Қазақстанда 25 тамыздан бастап алимент төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Өзгеріс атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент өндіріліп жатқан азаматтарға қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа тәртіп бойынша өндіріп алынған алименттер тек арнайы банк шоттарына аударылады. Бұл қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.
Бұған дейін алимент түсетін банк шоттарының арнайы құқықтық мәртебесі болмаған. Яғни алимент басқа қаражатпен араласып, оның нақты қайдан түскенін анықтау қиын еді.
Енді арнайы шот ашу міндетті болады. Оның басты ерекшелігі – шоттағы алимент қаражатына тыйым салуға және оны бұғаттауға болмайды.
Жаңа талап алимент алушылардың қаражатын қорғауға және оның нақты мақсатқа – баланы қамтамасыз етуге жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.