Қазақстан мен Қытай туризмді бірге дамытады: Шанхайда маңызды келісімдер жасалды

Қазақстан мен Қытай туризмді бірге дамытады: Шанхайда маңызды келісімдер жасалды
Gov.kz

Шанхайда өткен Қазақстан–Қытай жоғары деңгейдегі іскерлік дөңгелек үстелі аясында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы Қытайдың жетекші туристік компаниялары – China Tourism Group және Trip.com Group-пен стратегиялық келісімдер жасасты. Құжаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары барысында қол қойылды, деп хабарлайды ult.kz.

Келісімдердің басты мақсаты – Қазақстанға инвестиция тарту, туристік инфрақұрылымды дамыту және еліміздің туристік әлеуетін халықаралық нарықта ілгерілету.

Ең маңызды құжаттардың бірі – China Tourism Group-пен «Қытай–Қазақстан трансшекаралық туристік маршрутын іске асыру жөніндегі стратегиялық ынтымақтастық туралы» бірлескен мәлімдеме. Келісім аясында жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын инвестициялық жобаларды бірлесіп әзірлеу жоспарланып отыр.

Жобалар қонақүйлер салуды, туристік нысандар мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуды, визит-орталықтар мен шолу алаңдарын ашуды, жол бойындағы сервисті жетілдіруді, туристік навигацияны енгізуді және перспективалы туристік аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды қамтиды.

Сонымен қатар тараптар туристік аумақтарды дамытуға арналған мастер-жоспарлар әзірлеп, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қытайдың ірі компанияларын Қазақстандағы туристік жобаларға тартуға келісті.

Сапар барысында Trip.com Group-пен де үш жылдық стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат Қазақстанның туристік бағыттарын, ең алдымен Қытай нарығында, бірлескен маркетингтік науқандар арқылы танытуға бағытталған.

Тараптар цифрлық маркетинг, туристердің сұранысын талдау, халықаралық жарнама және арнайы туристік өнімдерді әзірлеу арқылы Қазақстанның туристік брендін ілгерілетуді жоспарлап отыр.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизовтың айтуынша, бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарып, әлемдік деңгейдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға және елімізге келетін шетелдік туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.

Kazakh Tourism мәліметінше, Қытай Қазақстан үшін туристер көп келетін ең перспективалы нарықтардың бірі болып қала береді. Көлік қатынасының дамуы мен екіжақты экономикалық байланыстардың нығаюы туристік ағынның одан әрі өсуіне ықпал етеді.