«Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейханов

«Қазақ» газеті және Әлихан Бөкейханов
e-history.kz

Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай

Газет кейде тұтас бір дәуірдің үнін жеткізеді. Оның беттерінде сол заманның алаңдауы, үміті мен арманы сақталады. 1913 жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ» газетінің беттерінен халқының ертеңіне алаңдаған азаматтардың бейнесі көрінеді. Солардың бірі – Алаш қайраткері, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханов. Туғанына 160 жыл толған тұлғаны тек саяси қайраткер емес, елдің мұңын қаламымен айтқан журналист ретінде де тану маңызды. Ол үшін газет – жай хабар тарататын қағаз емес, жұртпен ашық сөйлесудің жолы еді.

«Қазақ» газеті қазақ халқының өз дауысын өз тілінде айтуына мүмкіндік берген басылым. Сол кезде халық жер мәселесі, кедейлік, білімнің тапшылығы сияқты қиындықтарға тап болған. Осындай жағдайда газет халықтың көзін ашып, ойын оятатын құралға айналды. Қайрат Сақтың «Ұлттық сана ұйытқысы» еңбегінде «Қазақ» газетінің айналасына жиналған қаламгерлер, оны шығаруға көмектескен азаматтар мен қаржы мәселесі қарастырылады. Бір газеттің артында көп адамның еңбегі тұрғаны осыдан көрінеді. Ағартушы, тіл білгірі, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының редакторлығы, ақын, публицист Міржақып Дулатұлы мен Алаш қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейхановтың қаламгерлік қызметі елге ортақ сөз айтуға жол ашты . Газет жер, оқу-ағарту, тіл, ел басқару сияқты халық өміріне тікелей қатысты мәселелерді көтерді.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайыржан Бекхожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» кітабында 1862–1917 жылдар аралығында қазақ тілінде небәрі 270 кітап шыққаны жазылған . Бүгінгі оқырманға бұл сан аз көрінуі мүмкін. Қазір жаңалықты телефоннан, интернеттен оңай тауып алуға болады. Ал сол кезде ана тіліндегі кітап пен газет тапшы болған. Сондықтан әр басылымның қаншалықты қымбат екенін елестету қиын емес. «Қазақ» газетінің жарық көруі халықтың өз мәселесін өз тілінде талқылауына жасалған батыл қадам болды. Газет қазақ баласына «сен де ойлайсың, сен де сөйлейсің, сенің де еліңе қатысы бар» деген сенім берді. Газеттің тілі халыққа түсінікті, жанды болды. Осы қасиет оны халықтың жүрегіне жақындатқан.

Әлихан Бөкейханов «Қыр баласы», «Түрік баласы» деген бүркеншік есімдермен жазғаны белгілі. «Қыр баласы» деген аттың өзі-ақ оның халыққа жақындығын көрсетеді. Ол білім алған, қалада жүрген адам болса да, жадында әрқашан даланың, ауылдың мұңы жатқан. Оның «Қазақтың тарихы» мақаласындағы «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» деген сөзі бүгін де ойландырады . Бұл – жай атау туралы сөз емес. Ол өз тарихыңды білуге, тіліңді құрметтеуге, ұлт болып қалуға шақырады.
Алаш қайраткерінің мақалаларындағы тағы бір ерекшелік – нақтылық. Ол халықты бос сөзбен жұбатпады, деректерге сүйеніп сөйледі. Жер жайындағы мақаласында 1906–1912 жылдары қазақ пайдаланып отырған алты миллион десятинадан астам жер қоныстанушыларға берілгені жазылған . Бұл – құр сан емес, оның ар жағында ауылдардың тіршілігі мен талай отбасының тағдыры тұр. Жерінен айырылған халықтың көңіл-күйін Әлихан жақсы түсінген. Сондықтан оның әр мақаласында халықтың болашағына деген алаңдау сезіледі.

Әлихан Бөкейханов газеттің тағдырын ел ісінен бөле қарамады. 1913 жылғы «Ұры тию» мақаласында ол «Азамат» серіктігін құрып, газетті жұрт болып қолдауды ұсынды . Демек, ол мәселені айтып қана қоймай, оны шешудің жолын да іздеді. Сол кезде бір газет үшін адамдардың бірігіп қаржы жинауы үлкен жауапкершілік болған. Олар газетті тек оқып қоймай, оның өмір сүруіне өз үлестерін қосты.

Әлихан Бөкейхановтың бүгінгі жастарға беретін өнегесі – өз елінің тағдырына немқұрайлы қарамау. Ол жастарды білімнің, тілдің, тарихтың құндылығын түсінуге шақырды. Қазіргі жас ұрпақ ақпаратты көп оқиды, бірақ оның қайнар көзіне, шынайылығына, қоғам үшін маңызына ой жүгіртпейді. Ал Әлихан Бөкейхан өнегесі – ақпаратты тұтыну ғана емес, оның артындағы жауапкершілікті сезіну. Адам өз сөзіне жауапты болуы, ел мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоюы керек.

Сонымен қатар, Әлихан Бөкейханов өмірі жастарға білім мен еңбектің маңызын көрсетеді. Ол тек айтқан емес, өз ісімен де үлгі болған. Ғылыммен айналысып, қоғамдық қызмет атқарып, газет бетінде халық мүддесін қорғаған. Бұл – бүгінгі жастар үшін үлкен сабақ. Жастар тек сабақ оқып қоймай, өз ортасындағы мәселелерге белсенді қарап, шешім іздей білуге тиіс. Әлиханның жолы оның дәлелі.

«Қазақ» газеті мен Әлихан Бөкейхановтың қалдырған мұрасы – ел мүддесін сөзбен ғана емес, іспен де қорғау. Сөз – үлкен күш. Ол адамды оятады, халықты біріктіреді. Әлихан Бөкейханов осы күшті дұрыс пайдалана білген тұлға. Бүгін «Қазақ» газетінің беттерінен тек тарихи дерек қана көрінбейді. Онда өз елінің тағдырын ойлаған адамдардың дауысы естіледі. Сондықтан «Қазақ» газеті –  өткеннің жазбасы ғана емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт сілтеген рухани мұра.

Тулеген Арайлым
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенті
Ғылыми жетекші: фил.ғ.к., профессор Жақсылықбаева Римма