Freedom Inside '26

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен ЕО серіктестігі тарихи ең жоғары деңгейге көтерілді

Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мен ЕО серіктестігі тарихи ең жоғары деңгейге көтерілді

Брюссельде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен маңызды келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында Президент өзара сенім мен құрметке негізделген екіжақты қарым-қатынастардың деңгейі бүгінде тарихта болмаған биікке жетіп, шынайы стратегиялық сипат алғанын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссель сапарының басты мақсаты — екі тарапқа да тиімді барлық бағыттар бойынша байланыстарды тереңдету екенін айтып, жаңадан қабылданған келісімдер мен меморандумдар ықпалдастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.

Президент Қазақстан мен Еуроодақ арасында жоғары деңгейдегі саяси диалогтың берік қалыптасқанын тілге тиек етіп, еліміздің Орталық Азия өңірінде бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімді бекіткенін еске салды.

Келіссөздерде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту мәселесіне ерекше екпін берілді. Мемлекет басшысы ЕО еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін, ал еуропалық компаниялардың қазақстандық нарықтағы табысты жұмысы шетелдік бизнестің мемлекетімізге деген зор сенімін көрсететінін атап өтті.

Қазақстан Еуропалық Одақтың аймақтағы басты әрі сенімді серіктесі болуды мақтан тұтады және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі тұрақты инвестициялық ортаны сақтауға алдағы уақытта да күш салмақ.