Арқалық қалалық соты «Арайлы Арқалық» YouTube-арнасының авторы Қанат Әлімбаевқа қатысты үкім шығарды. Сот оны бірнеше ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ult.kz.
Tobolinfo.kz басылымының жазуынша, Қанат Әлімбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат биыл сәуір айында жарияланған болатын. Сол кезде Қостанай облыстық полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті әйелдерге қарызға ақша беріп, кейін олардан жыныстық қатынас талап еткен. Ал бас тартқан жағдайда сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттеріне барған деген айып тағылған.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушыға Қылмыстық кодекстің «Зорлау», «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» және «Жыныстық қатынасқа мәжбүр ету» баптары бойынша айып тағылды.
22 мамырда Арқалық қалалық соты оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қорғаушы тарап үкімге апелляциялық шағым түсірді.
Істің мән-жайы жария етілмейді. Сот процесі жабық режимде өткен болуы мүмкін, ал сот актісі ашық дереккөздерде жарияланбаған.