Freedom Inside '26

Qarmet тарихында алғаш рет электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді

Qarmet тарихында алғаш рет электр энергиясын өндірудің ең жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді
aktau.sda.kz

Qarmet-тің жылу электр орталықтары (ЖЭО-2 және ЖЭО-ПВС) компания тарихында алғаш рет электр энергиясын өндіру бойынша ең жоғары көрсеткіштерге жетті. 2026 жылдың мамыр айында орташа сағаттық қуат 393 МВт-ты құрады, ал өндірілген электр энергиясының жалпы көлемі 292 млн кВт/сағ-тан асты. Бұл – Теміртаудағы металлургиялық комбинаттың бүкіл жұмыс кезеңіндегі ең жоғары нәтиже, деп хабарлайды ult.kz.

2023 жылдан бастап, компанияның энергетикалық кешенін қалпына келтіру бағдарламасы іске қосылған уақыттан бері, электр энергиясын өндіру көлемі 30%-ға артты. Бұл меншікті генерациялайтын қуаттардың тиімділігі тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.

Қазақстанда жылу энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және генерациялайтын қуаттардың сенімділігін арттыру мәселелері энергетика саласының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Осы тұрғыда меншікті ЖЭО-ларды дамыту өнеркәсіптік өндірістің және өңірлік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

2024 жылдан бастап компания энергетикалық кешенді қалпына келтіру және дамыту бойынша жүйелі бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Осы уақытқа дейін кәсіпорынның энергетикалық инфрақұрылымында генерациялайтын қуаттардың техникалық жай-күйі мен сенімділігін арттыруға қатысты ауқымды міндеттер жинақталған болатын. Осыған жауап ретінде Qarmet энергетиктердің жүйелі жұмысын күшейтіп, жабдықтарды қалпына келтіру бағдарламаларын кеңейтті және жаңа жаңғырту жобаларын іске асыруда.

Компания өкілдерінің айтуынша, қол жеткізілген нәтижелердің негізгі факторы – энергетикалық бөлімшелердің үйлесімді жұмысы:

«Жүйелі жаңғырту және жабдықтарды жауапкершілікпен пайдалану ЖЭО жұмысының сенімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде біз кәсіпорынның өндірістік қажеттіліктері үшін электр энергиясын сапалық тұрғыда жаңа деңгейде тұрақты түрде өндіруді қамтамасыз етіп отырмыз», — деп атап өтті Qarmet энергетиктері.

Маңызды жобалардың бірі – 2025 жылы пайдалануға берілген ЖЭО-2-дегі №7 қазан агрегатын салу болды. Барлық сынақтардан өткеннен кейін агрегат жылыту маусымында Теміртау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, ЖЭО-ПВС-та №1 қазан агрегатының құрылысы жалғасуда, оны іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Параллель түрде компания энергетикалық жабдықтарды күрделі және ағымдағы жөндеу бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр, бұл жүйелердің сенімділігін арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгінде Qarmet-тің энергетикалық кешені компанияның өндірістік жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады және металлургиялық өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 2030 жылға дейін кәсіпорын жаңа өндірістік қуаттарды дамыту аясында меншікті генерация көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Компанияның өршіл мақсаты – электр энергиясымен толық өзін-өзі қамтамасыз ету.

Энергетика бағытын дамыту Qarmet стратегиясының маңызды бөлігі болып қала береді және өндірістің тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ сыртқы энергия ресурстарына тәуелділікті төмендетуге бағытталған.

Қол жеткізілген нәтижелер компания энергетиктерінің жүйелі еңбегінің арқасында мүмкін болды. Олар ЖЭО мен кәсіпорынның энергетикалық инфрақұрылымының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз етіп отыр.