Қарағанды облысында табиғи өртпен күрес күшейтілді. Қарқаралы мен Ақтоғай аудандарында құрғақ шөп пен орман алқаптарын жалын шарпыған. Өрт елді мекендерге қауіп төндірмегенімен, оны сөндіру жұмыстары күрделі жағдайда жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Қарқаралы ауданындағы Жаңатоған ауылының маңында құрғақ шөп өртенген. Өртті ауыздықтауға қатты жел мен таулы жер бедері кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан жекелеген өрт ошақтарына жету қиындап, жалынның таралу қаупі арта түскен.
Қазір ауылды қорғау және өрттің елді мекенге қарай жылжуына жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Өрт орнына ТЖД-ның қосымша күштері мен техникасы жіберіліп, жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құрылды.
Ал Ақтоғай ауданында табиғи өрт бұдан да ауқымды аумақты шарпыған. Кежек ауылдық округінде, Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай шамамен 40 шақырым жердегі таулы аймақта және Ақтоғай ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының аумағында өрт шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, жалын 1090 гектар аумаққа тараған. Оның шамамен 1000 гектары мемлекеттік орман қорының жері.
Өртті сөндіруге ТЖД, жергілікті әкімдік пен орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері тартылған. Барлығы 140 адам мен 24 техника жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде ТЖД-дан 42 адам мен 7 техника, жергілікті атқарушы органдардан 78 адам мен 13 техника, орман шаруашылығы мекемелерінен 20 адам мен 4 техника жұмылдырылған.
Құзырлы органдардың мәліметінше, екі аумақта да елді мекендерге тікелей қауіп жоқ. Дегенмен желдің күшеюі мен күрделі жер бедері өртті толық ауыздықтауды қиындатып отыр.
Қазір мамандар өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. Жағдай Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында.