Қарағанды шахталарына жоғары технологиялық жаңа неміс жабдықтары орнатылды

Қарағанды шахталарына жоғары технологиялық жаңа неміс жабдықтары орнатылды

Qarmet компаниясына қарасты Т. Күзембаев атындағы шахтада көмір өндіруді қауіпсіз әрі тиімді етуге септесетін жаңа заманауи жабдықты іске қосуға дайындық жүріп жатыр. Бұл – немістің Hauhinco компаниясының жоғары өнімді сорғы станциясы, деп хабарлайды ult.kz.

Аталған станция шахтерлердің басындағы тау жыныстарын ұстап тұратын арнайы шахта құрылымының жұмысын қамтамасыз етеді. Оның тұрақты жұмысына адамдардың қауіпсіздігі мен көмір өндірісінің үздіксіздігі тікелей байланысты.

Бұл учаскедегі бұрынғы жабдық 20 жылдан астам жұмыс істеп, қазіргі сенімділік пен тиімділік талаптарына сай келмейтін еді. Жаңа сорғы станциясы шахтаны техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы аясында соның орнына орнатылды.

Жабдықтың қуаты жоғары: станция минутына 320 бар қысыммен 600 литрге дейін арнайы сұйықтық береді. Соның арқасында жүйе елеулі жүктемелер кезінде де тұрақты жұмыс істей алады. Сонымен қатар, жабдық толықтай дерлік автоматтандырылған: станция жүктемені өзі бақылап, қажет болған жағдайда қосымша сорғыларды іске қосады.

«Жүктеме артқанда жүйе тұрақты қысымды ұстап тұру үшін екінші, содан кейін үшінші сорғыны өзі іске қосады. Мұндай автоматтандыру жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді», – деді көмір өндіру учаскесінің механигі Александр Воротынцев.

Тағы бір маңызды артықшылығы – жаңа жабдық жер астында стационарлық түрде орнатылады. Бұрын ауыр сорғы станциясын өндіру жұмыстарының ілгерілеуіне қарай үнемі жылжытып отыруға тура келетін. Енді мұндай қажеттілік болмайды, бұл жұмысты ыңғайлы әрі қауіпсіз етеді.

«Бұл сорғылар өте қуатты. Бір лаваның жұмысына екеуі жеткілікті, ал бұрын дәл осындай міндетті орындау үшін екі есе көп жабдық қажет болатын. Станциялар ұзақ мерзімге қызмет етуге есептелген», – деді Hauhinco компаниясының өкілдері.

Жаңа жабдық Qarmet-тің Өнеркәсіпті дамыту қорымен ынтымақтастығы аясында сатып алынған. Алдағы уақытта осындай сорғы станцияларын компанияның басқа шахталарына да орнату жоспарланып отыр. Жаңа сорғы станциясын енгізу жабдықтың сенімділігін арттыруға, бос тұрып қалуларды азайтуға және шахтерлердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Т. Күзембаев атындағы шахтадағы техниканы жаңарту – компанияның көмір кәсіпорындарын ауқымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі. Qarmet шахталарында өндіріс тиімділігін арттыруға және жұмысшыларды қорғауға бағытталған заманауи жабдықтар, автоматтандыру жүйелері мен өнеркәсіптік қауіпсіздік технологиялары енгізілуін жалғастырып келеді.