Қайықты қатты жел аударып кетті: Зайсанда екі балықшы қаза тапты

Қайықты қатты жел аударып кетті: Зайсанда екі балықшы қаза тапты
pexels.com

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінде суға батып кеткен екі балықшының денесі табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 15 қыркүйекте Тұғыл ауылдық округі маңында болған. Үш ер адам қайықпен балық аулап жүрген кезде қатты жел тұрып, қайық аударылып кеткен.

1968 жылы туған балықшы өздігінен жағаға шығып, оны жергілікті тұрғындар құтқарған. Ал 1968 және 1995 жылы туған екі ер адам суға батып кеткен. ТЖМ мәліметінше, олардың құтқару кеудешелері болмаған.

Оқиғадан кейін іздестіру жұмыстарына құтқарушылар мен сүңгуірлер, катерлер, дрондар және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. ТЖМ сүңгуірлері суға сегіз рет түсті.

Іздеу жұмыстарына көлдің тереңдігі, түбінің күрделі жер бедері және су астындағы көрінудің төмен болуы кедергі келтірген.

Бірнеше күнге созылған іздестіру нәтижесінде 1968 жылы туған балықшының денесін жергілікті тұрғындар тапқан. Ал 1995 жылы туған азаматтың денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан 8,9 шақырым жерден анықтады.

Осылайша, Зайсан көліндегі екі балықшыны іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды.