Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Қазақстанға алғаш рет келіп отырғандықтан бұл сапардың маңызы айрықша екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
– Бұл уақиға Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға салмақты бизнес-делегациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді.