Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі өнер өкілдеріне арналған «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ақордада өткен мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, қазақтың жыр, терме, күй секілді дәстүрлі өнерін дамытуға айрықша көңіл бөлінуі керек. Осы бағытта ұлттық мұраны дәріптеп жүрген өнерпаздарды қолдау мақсатында жаңа мемлекеттік сыйлық енгізілмек.
— Дәстүрлі өнерді, әсіресе жыр, терме, күй өнерін дамытуға ерекше мән беруіміз қажет. Төл мәдениетіміздің осындай баға жетпес қазыналарын насихаттап жүрген өнер иелеріне қолдау көрсету маңызды. Осыған байланысты «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдадым, — деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, жаңа марапат дәстүрлі өнер өкілдерінің шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұлттық өнердің беделін арттыруға серпін береді. Сыйлық Президент Жарлығымен, тиісті министрліктің ұсынысы негізінде мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген тұлғаларға табысталады.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен өнер саласы мемлекет назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.