Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға қосымша жоспардан тыс тексерулер жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері 2021 жылдан бері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Азаматтардың пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдарының көбеюіне байланысты тексерулердің басым бөлігі 2024 жылы ұйымдастырылған.
Тексеру барысында лицензиялық талаптардың сақталмауы, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының және медициналық құжаттаманы жүргізу қағидаларының бұзылуы анықталды. Сонымен қатар бірқатар медициналық ұйымның тиісті рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткені белгілі болды.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін медициналық ұйымдарға міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқамалар берілді. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 миллион теңге айыппұл салынды.
Комитет пластикалық операциядан кейін адам өлімі тіркелген бірнеше жағдайға байланысты да жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Мұндай оқиғалардың басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында тіркелген.
Тексеру материалдары заңнамаға сәйкес құқықтық баға беру және тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.