Павлодар қаласында фитнес-клубтағы жаттығудан кейін жергілікті блогердің сөмкесінде жатқан пауэрбанк жарылып, ол ауыр күйік алды, деп хабарлайды ult.kz.
"Криминальный Казахстан" Телеграм арнасының хабарлауынша, оқиға қыздың үйіне қайтуға жиналып жатқан сәтінде болған. Кенеттен сөмкесінен қою түтін шыға бастаған. Блогер мұны бірден байқамаған.
Ол түтіндеп жатқан сөмкені иығынан шешіп тастамақ болған кезде қатты жарылыс болған. Куәгерлердің сөзінше, жалын әп-сәтте қыздың үстіне тарап кеткен.
Фитнес-клуб қызметкерлері мен келушілері дереу көмекке ұмтылып, отты қолда бар құралдармен сөндіруге тырысқан. Алайда жанған киімді толықтай тек сыртқа шығарғаннан кейін ғана өшіре алған.
Оқиғадан кейін блогер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның қолы мен бас бөлігінде ауыр термиялық күйіктер бар екенін анықтаған.
Қазіргі уақытта зардап шегушінің алған жарақаттары ауыр деп бағаланып отыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.