Павлодар облысында сегіз қылмыстық іске қатысты заттай дәлел ретінде тіркелген құны 52 млн теңгеден асатын контрафакті және заңсыз өнімдер жойылды, деп хабарлайды ult.kz.
Өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, жойылған тауарлардың ішінде 390 вейп, акциздік маркасы жоқ 13 мыңнан астам қорап темекі және 356 бөтелке суррогат алкоголь бар.
Ведомство мұндай өнімдерді жою қылмыстық іс аясында заттай дәлелдерді жою тәртібіне сәйкес жүргізілетінін атап өтті. Кей жағдайда бұл процесс қоғам өкілдері мен колледж студенттерінің қатысуымен ашық өткізіледі.
Департамент басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов заңсыз өнімдердің адам денсаулығына қауіп төндіретінін айтты. Оның сөзінше, әсіресе сапасыз алкоголь құрамындағы техникалық спирт адамды улап, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Заңсыз айналымнан алынған өнімдер осылайша жойылған.
Бұған дейін Шымкентте контрафактілік құрылыс қоспаларын шығаратын астыртын цехтың жұмысы тоқтатылған болатын.