2026 жылғы 26 мамырда Астана уақыты бойынша сағат 11:28-де Павлодар облысының аумағында жер сілкінісі тіркелді. Бұл туралы ҚР ТЖМ «СБЗҰҒО» ЖШС сейсмикалық станциялар желісінің мәліметінде айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 855 шақырым қашықтықта орналасқан. Зілзаланың координаттары – 50.47º солтүстік ендік пен 76.47º шығыс бойлық. Жер сілкінісінің тереңдігі 30 шақырым болған.
Мамандардың есептеуінше, дүмпудің сезілу қарқындылығы Павлодар облысы Баянауыл ауданының Баянауыл ауылында 2 баллды құраған.
Оқиғаға байланысты іс-қимылдарды үйлестіру және жағдайды бақылау мақсатында Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылды.
Қазіргі уақытта қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген. Сондай-ақ барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Тұрғындар үшін жедел желі іске қосылды: 8 (7182) 20-11-12. ТЖД мәліметінше, әзірге азаматтардан ешқандай өтініш түспеген.