Қазақстандық Orda.kz жобасы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім сайтпен қатар басылымның әлеуметтік желідегі парақшалары мен YouTube арнасына да қатысты, деп хабарлайды ult.kz.
Редакцияның жұмысын тоқтату туралы шешімді Ordamedia.kz ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.
Редакция жабылудың басты себебі ретінде қаржылық қиындықтарды атады. Басылымның өз кірісі редакция жұмысын әрі қарай қамтамасыз етуге жеткіліксіз болған.
«Қабылданған шешімнің астарында басқа себеп жоқ. Редакцияның тапқан қаражаты оның жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға әкелген өзге себептер жоқ», – делінген редакция мәлімдемесінде.
Сондай-ақ редакция өз міндеттемелерін толық орындау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын атап өтті.
Orda.kz қазақстандық және шетелдік әріптестерінен басылымның жабылуына қатысты ақпаратты тек редакцияның ресми мәлімдемелеріне сүйеніп таратуды сұрады. Бас редактор Анна Платонова оқырмандарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, редакция материалдарын 31 тамыздың соңына дейін жариялайды. Ал 1 қыркүйектен бастап сайтта жаңа материалдар шықпайды.