Орал қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сотталған азаматтарға арналған пошта сәлемдемелерін тексеру барысында тыйым салынған зат анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Тексеру барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5517 әскери бөлімінің кинолог-маманы ефрейтор Аманай Бақтығали жетекшілік еткен, “Детектив” атты қызметтік ит тартылған.
Қызметтік ит сәлемдемелердің біріне белгі беріп, күдік туғызған. Кейін жедел-тергеу тобы шақырылып, сәлемдеме ішінен есірткіге ұқсас тыйым салынған зат табылған.
Аталған зат сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Құзырлы органдар түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттерінің алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеді.