Жамбыл облысында көлік нөмірін әдейі қағазбен жауып, бейнебақылау камераларынан жасыруға тырысқан жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полиция қызметкерлері аумақты патрульдеу кезінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 487-шақырымынан мемлекеттік нөмірі анық көрінбейтін KIA K5 көлігін байқап, тоқтатқан.
Тексеру барысында көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріптік-цифрлық белгілердің бір бөлігі қағазбен әдейі жабылғаны анықталды. Мұндай әрекет көліктің нөмірін бейнебақылау камералары арқылы толық анықтауға және оны сәйкестендіруге кедергі келтіреді.
Жүргізушіге қатысты заңға сәйкес шара қолданылып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полицияның хабарлауынша, мұндай құқық бұзушылық үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу және бір жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.