Назарбаев мінген алғашқы президенттік Boeing: UN-001 бортының тағдыры қалай аяқталды?

Назарбаев мінген алғашқы президенттік Boeing: UN-001 бортының тағдыры қалай аяқталды?
Коллаж LIFE. Фото: ТАСС / Валерий Шарифулин

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары мемлекет басшысының шетелге ресми сапарларын жүзеге асыру үшін алыс қашықтыққа ұша алатын заманауи әуе кемесі қажет болды. Осы мақсатта 1994 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Boeing-747 ұшағын сатып алған. Кейін бұл әуе кемесіне UN-001 борт нөмірі беріліп, ол Қазақстан тарихындағы алғашқы президенттік ұшақ ретінде есте қалды, деп ult.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

1994 жылы АҚШ-қа жоспарланған ресми сапар қарсаңында Қазақстан тарапы Boeing компаниясының кең фюзеляжды 747 үлгісін таңдаған. Кей деректерде Вашингтондағы кездесу кезінде АҚШ президенті Билл Клинтонның да осы ұшаққа қызығушылық танытып, сұрақ қойғаны айтылады. Сол кезде Назарбаев бұл әуе кемесінің бұрынғы Кеңес кеңістігіндегі алғашқы Boeing екенін атап өтіп, оны Ил-96 секілді кеңестік ұшақтармен салыстырғанда тиімді әрі үнемді деп бағалаған. Дегенмен бұл зауыттан жаңа шыққан лайнер емес еді.

Boeing-747SP моделі 1978 жылы шығарылған. Әуелде ол америкалық Trans World Airlines, яғни TWA әуе компаниясының құрамында қызмет еткен. Кейін бірнеше иесін ауыстырып, 1994 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан үкіметінің меншігіне өткен. Сол кезде әуе кемесіне UN-001 нөмірі берілген.

Бұл ұшақ тек президенттік сапарларға ғана пайдаланылмаған. Кей кезеңдерде ол азаматтық және коммерциялық бағыттарда да қолданылған. Өйткені сол жылдары Қазақстанның әуе тасымалы саласы енді қалыптасып жатқан еді. Кейін осы бағыттағы жұмыстар Air Kazakhstan және Air Astana сияқты әуе компанияларының құрылуына негіз болды.

Алайда UN-001 борты Қазақстанда ұзақ қызмет еткен жоқ. Шамамен екі жылдан кейін ұшақ басқа иеге өтіп, Ұлыбританияға жөнелтілген. 2002 жылға дейін пайдаланылғаннан кейін ол қолданыстан шығарылып, бөлшектеуге жіберілген.

747sp.com мәліметінше, кейін Cargolux компаниясы лайнердің алдыңғы кабинасы мен жоғарғы палубасын сақтап қалған. Бұл бөліктер оқу-жаттығу мақсатында қолданылған. Қазіргі кезде ұшақ фюзеляжының бір бөлігі Германияның Фельберт қаласында сақтаулы екені айтылады.

UN-001 борты Қазақстан үшін жай ғана әуе кемесі болған жоқ. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы саясат, халықаралық сапарлар мен жаңа дипломатиялық байланыстардың символына айналды. 1990-жылдары мұндай ұзақ қашықтыққа ұшатын лайнердің сатып алынуы Қазақстанның әлемдік аренаға дербес мемлекет ретінде шыққанын көрсеткен маңызды қадамдардың бірі болды.