Астанада мешітте келушінің телефонын ұрлады деген күдікпен 36 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, күдікті мешіт аумағында түнеп жүрген. Ол намаз оқып тұрған азаматтың алаңсыз сәтін пайдаланып, еденде тұрған барсетканың ішінен iPhone 13 ұялы телефонын жасырын түрде алып кеткен.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан ізін суытқан. Алайда бейнебақылау камераларының көмегімен оның жеке басы анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында ер адам елорда көшелерінің бірінен ұсталды. Ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қоғамдық орындарда жеке заттарды қараусыз қалдырмауға және бағалы мүлікке мұқият болуға шақырды.