Freedom Inside '26

Мұғалімдерден артық есеп талап етуге тыйым салынды: Президент жаңа заңға қол қойды

Мұғалімдерден артық есеп талап етуге тыйым салынды: Президент жаңа заңға қол қойды
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейтуге және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Заңдағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – педагогтерден білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынуы. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында құжаттарды бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізуді міндеттегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Жаңа нормаларға сәйкес, мұғалімдер мен білім беру ұйымдарының басшылығы оқушылар үшін тек білім беру процесі жүріп жатқан уақытта ғана жауапты болады. Ал баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты ата-аналардың жауапкершілігі нақты айқындалды.

Заңда сондай-ақ мектептерде ұялы телефондарды пайдалану тәртібін реттеу көзделген. Енді бұл мәселеге қатысты нақты қағидаларды Оқу-ағарту министрлігі бекітеді.

Құжатқа сәйкес, білім беру жүйесіне алғаш рет академиялық адалдық ұғымы енгізіледі. Бұл зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, халықаралық WorldSkills кәсіби шеберлік жарыстарының жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ бейіндік мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі.

Заң психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін балаларды қолдау шараларын кеңейтуді, шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметін реттеуді және медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруді де қамтиды.