Михаил Шайдоровтың жеңісінен кейінгі әрекеті Малининге марапат әкелді

Михаил Шайдоровтың жеңісінен кейінгі әрекеті Малининге марапат әкелді
Reuters

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров америкалық спортшы Илья Малининді Fair Play сыйлығын алуымен құттықтады. Бұл марапат Малининге 2026 жылғы Олимпиада ойындарындағы спорттық әрекеті үшін берілді, деп хабарлайды ult.kz.

Миланда өткен Олимпиадада еркін бағдарламада сәтсіз өнер көрсеткен Малинин жарыстан кейін чемпион атанған Михаил Шайдоровты құттықтап, оны құшақтаған еді. Халықаралық Олимпиада комитеті америкалық спортшының бұл әрекетін жоғары бағалап, оған адал бәсекелестік үшін берілетін Fair Play сыйлығын табыстады.

Шайдоров әлеуметтік желідегі жазбасында досына қолдау білдіріп, оның жетістіктеріне қуанатынын жеткізді.

«Илья Малининді Fair Play сыйлығын алуымен құттықтаймын! Досым, сені мақтан тұтамын. Осы жолды сенімен бірге жүріп келе жатқаныма шексіз ризамын. Мен сені әрдайым қолдап, әрбір жетістігіңе бірге қуанатын боламын», – деп жазды қазақстандық спортшы.

Айта кетейік, Илья Малинин – мәнерлеп сырғанаудан әлемнің үш дүркін чемпионы. Ол 2022 жылы халықаралық жарыста төрт айналымдық аксель секірісін орындаған алғашқы спортшы атанды. Ал 2025 жылғы Гран-при финалында еркін бағдарламада жеті төрт айналымдық секіріс жасап, 238,24 ұпай жинады. Бұл – аталған бағдарлама бойынша әлемдік рекорд.

Сонымен қатар Малинин 2026 жылғы Олимпиадада АҚШ құрамасы сапында командалық жарыста алтын медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді.