Мемлекет басшысы «Лукойл» мұнай компаниясының президентімен кездесті

Мемлекет басшысы «Лукойл» мұнай компаниясының президентімен кездесті

Мемлекет басшысы ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперовпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Вагит Алекперов Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстандағы жүзеге асырып жатқан жобалары туралы айтты. Олар мұнай-газ саласындағы өзара ықпалдастықтың келешегін талқылады.

Қазақстан Президенті еліміздің энергетика секторын дамыту ісіндегі «Лукойл» компаниясының үлесін жоғары бағалады.

– «Лукойл» – біздің стратегиялық инвестициялық серіктесіміз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сіздің компаниямен арадағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән берді. Біз ұзақ уақыттан бері бір-бірімізді білеміз. Сондықтан осы жемісті ынтымақтастықтың табысты болатыны сөзсіз деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.