Шарджада қаза тапқан қазақстандық апалы-сіңлілер Ақжан мен Жұлдыздың жақындары әлеуметтік желіде тараған қауесеттерге қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмдардың достарының айтуынша, соңғы жаңалықтардың астында қыздардың өмірі мен қызметіне қатысты ешқандай дәлелге негізделмеген түрлі пікірлер жазылып жатыр. Атап айтқанда, олардың «күнкөріс үшін кеткені», «жоқшылықтан кеткені» немесе салоннан бөлек жерде жұмыс істегені туралы қауесеттер тараған.
Жақындары бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын айтып, апалы-сіңлілердің артынан жала жауып, қауесет таратуды тоқтатуға шақырды.
Олардың айтуынша, Ақжан мен Жұлдыз тәрбиелі отбасынан шыққан, білімді қыздар болған. Екеуі де мектепті «Алтын белгімен» бітірген. Астана қаласында өз еңбектерімен салон ашып, кәсібін дамытуға тырысқан.
«Құрбым Ақжан 18-19 жасынан бастап өз салонында еңбек етіп, кәсібін дамытуға тырысты. Дубайға да уақытша барып, тәжірибе жинап, жаңа ел көріп, дамып, алға қойған мақсаттарына жетудің бір жолы ретінде таңдаған еді. Олар ешкімге зияны тимейтін, адал еңбегімен өмір сүріп жүрген қыздар болды», — делінген үндеуде.
Қыздардың достары қазір олардың ата-анасы мен туған-туыстарына ең керегі қолдау мен сабыр екенін атап өтті.
«Бір үйдің қос бірдей сұлу, қаракөз қызынан айырылу ата-анасына, туған-туыстарына қаншалықты ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан өтініш, жақындарының жарасына тұз сеппейік», — деп жазды олар.
Жақындары жұртшылықты дәлелсіз қауесет таратпауға, марқұмдардың артынан жаман сөз айтпауға және отбасысына қолдау көрсетуге шақырды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде марқұмдардың жақындары қыздардың денесін Қазақстанға жеткізуде қиындық туындағанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған.