Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Осыған байланысты Парламент Сенатының бұрынғы спикері Мәулен Әшімбаев пен Парламент Мәжілісінің экс-спикері Ерлан Қошанов сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Мәулен Әшімбаев бұл күнді ел тарихындағы маңызды оқиға деп атап, әр азаматтың сайлауға белсенді қатысуы маңызды екенін айтты.
«Бүгін – егемен еліміздің жылнамасына ерекше екпінмен жазылатын тарихи күн. Халқымыз алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлап жатыр. Осындай жауапты кезеңде әр азаматтың белсенділігі маңызды рөл атқарады. Сондықтан біз де сайлау учаскесіне барып, өз таңдауымызды жасадық», – деді ол.
Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың жалғасы саналады.
Әшімбаев Құрылтай қызметі ашықтық, кең өкілдік және халық алдындағы есептілік қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Ал бұрынғы Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов та Қазақстан темір жолы ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Қазақстандықтар жаңа Құрылтайдың депутаттарын сайлап жатыр. Бұл – жұртшылықтың кең қолдауына ие болған жаңа Халықтық Конституцияны іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды реформалардың заңды нәтижесі», – деді Қошанов.
Ол сайлау учаскелеріне азаматтардың таңертеңнен бастап белсенді түрде келіп жатқанын айтып, қазақстандықтарды өздерінің азаматтық парызын орындауға шақырды.
Айта кетейік, жаңа саяси жүйеге сәйкес Қазақстанда бұрынғы екі палаталы Парламент – Сенат пен Мәжілістің орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейтін болады. Құрылтай елдің заң шығару органына айналып, оның депутаттары жалпыұлттық сайлау арқылы қалыптастырылады.
Құрылтай сайлауы – Қазақстанның жаңа саяси моделін қалыптастырудағы маңызды кезеңдердің бірі. Мәулен Әшімбаев пен Ерлан Қошанов азаматтарды ел болашағына әсер ететін бұл үдеріске белсенді қатысуға үндеді.