Волонтер кез келген жастағы адам болуы мүмкін. Шындығында, жас айырмашылығында ешқандай шектеу жоқ. Тек, жүрегінде өзгеге көмектесуге ниет болса болғаны. Бұл туралы Ақмола облысындағы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәнсия Есекеева айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қатысуымен елордада өткен «Birgemiz» атты волонтерлер фронт-офисінің ашылуы волонтерлікпен айналысып жүрген қазақстандықтар үшін айтулы оқиға болды. Волонтерлердің игі істері мемлекетімізге зор пайдасын тигізері сөзсіз. Осы орайда, Ақмола облысында да волонтерлердің қатысуымен көптеген шаралар өткізілуде. Бұл шараларға «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі тікелей атсалысуда.

Жыл сайын елімізде, соның ішінде Ақмола облысында да волонтерлердің саны ұлғаюда. Қазіргі таңда қоғамға пайдасын тигіземін деуші жастардың волонтерлер қатарына қосылуы қуантады. Жыл өткен сайын олардың қатары толығып келеді. Осының арқасында биылғы Волонтерлер жылы да «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі бірқатар шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
«Ағымдағы жылы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кубогына арналған облыстық пікір-сайыс турнирі, «Қасиетті домбыра» облыстық байқауы, Наурыз мейрамына орай инста байқау, «Үздік Ұланбасы – 2020» мектеп оқушылары арасындағы облыстық байқауы, «Ұланымыз ұлы елдің» облыстық форумы, Халықаралық балаларды қорғау күні мен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шаралар, «Қазақшаң қалай, балақай?» атты балабақша тәрбиеленушілерінің арасындағы облыстық байқауы, «Жайдарлы жас ұлан» мектеп оқушылары арасындағы облыстық интеллектуалды ойыны, «Алтын сақа» облыстық сайысы, ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Бала би» облыстық шешендік өнер сайысы сияқты шаралар күтіп тұр.
Сонымен қатар, жыл ішінде волонтерлерге тренинг, экологиялық акция, қайырымдылық жәрмеңке, соғыс ардагерлеріне көмек көрсету тәрізді өзге де шараларға қолғабыс ету жоспарымызда бар», – деп толықтырды Мәнсия Есекеева.
Еске салсақ, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елордада волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесі ашылды.
Волонтер жылы аясында фронт-кеңсенің ашылуы барысында «QQQAZVOLUNTEER.KZ онлайн платформасының қызметі және волонтерліктің «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыт бойынша алаңдары таныстырылады.


