«Мал төлдесе де қарайсың ғой»: Роза Әлқожа енесіне қатысты ойын айтты

«Мал төлдесе де қарайсың ғой»: Роза Әлқожа енесіне қатысты ойын айтты
Роза Әлқожа. Фото: instagram.com/roza_alqozha (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Әнші Роза Әлқожа босанған әйелге жасалатын күтім туралы айтып, өзінің бес баласын дүниеге әкелгенде мұндай қамқорлық көрмегенін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесінің сөзінше, енесі кезінде оған жас босанған әйелді күту дәстүрін білмейтінін және өзіне де мұндай күтім жасалмағанын айтқан.

Роза Әлқожа бес баласын босанғаннан кейін ұзақ демалмай, бірден тұрмыстық тірлікке араласқанын еске алды.

"Енем: “Бала туған кезде сені күте алмаймын, ондайды білмеймін. Мені де күтпеген”, – деді. Мен бес бала тудым, ешқайсысында күтінген жоқпын, бірден жұмысқа кірісіп кететінмін", – деді әнші.

Алайда ол бұл тәжірибені өз келініне қайталамауға шешім қабылдаған. Әншінің айтуынша, келіні босанған кезде оны барынша тынықтырып, үй шаруасын өзі атқарған.

"Келінімді жатқызып қойып күттім. Үй жинадым, ыдыс жудым, тамақ жасадым. Өйткені ол – менің ұрпағымның анасы. Қазір ақпарат көп, күтімді үйренуге болады. Мал төлдегенде де қарайсың ғой. Оның қасында дүниеге адам келіп жатыр. Сондықтан өзгерісті өзімнен бастадым", – деді Роза Әлқожа.

Әншінің бұл пікірі жас босанған әйелге күтім жасау, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас және отбасындағы қолдау мәселесін қайта талқылауға себеп болды.

Роза Әлқожа кім?

Роза Әлқожа – қазақстандық әнші, ақын, композитор әрі журналистика саласында білім алған өнер иесі. Ол 1981 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Әншінің өз айтуынша, туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласы, ал балалық шағы қазіргі Өзбекстан аумағындағы Амангелді елді мекенінде өткен. Роза Әлқожа кішкентай кезінен ата-әжесінің тәрбиесін көріп өсіп, өнерге ерте араласқан. Оның музыкаға қызығуына анасының ықпалы зор болған. Анасы дәстүрлі ән айтып, театрда актриса, кейін мұғалім болып еңбек еткен. Розаға алты жасынан домбыра үйретіп, сахнаға шығуына да жағдай жасаған.

Роза Әлқожа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сонымен қатар Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінде білім алған. Студент кезінен түрлі мәдени шаралар мен байқауларға қатысып, ән айтып, музыка жазумен айналысқан. Ол журналист ретінде де тәжірибе жинап, баспасөзде қызмет еткен. Сондай-ақ «Хабар» арнасындағы "Жастар жырлайды" бағдарламасын жүргізіп, радиода еңбек еткенін айтқан.

Өнер иесін көпшілікке кеңінен танытқан шығармалардың бірі – "Мен сыйға тартқан орамал" әні. Оның репертуарында "Ән салшы, Роза", "Жүрек назы", "Фариза", "Сырдария", "Жылатқаның неткенің", "Қара күз" секілді әндер бар. 2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомы жарық көрген. 2011 жылы Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шығармашылық кешін өткізген. Роза Әлқожа өз шығармашылығында ұлттық нақышты сақтауға ерекше мән беретінін бірнеше сұхбатында айтқан.

Әнші – бес баланың анасы. Оның тұңғыш ұлы Бейбарыс 2023 жылы шаңырақ көтерген. 2025 жылы Бейбарыстың отбасында сәби дүниеге келіп, Роза Әлқожа алғаш рет әже атанды. Өнер иесі бүгінде әншілікпен қатар отбасылық құндылықтар, тәрбие және қоғамдағы әйелдің орны туралы пікірлерімен де жиі назарға ілінеді.