Мақтаарал ауданындағы сел жүрген екі ауылда жаңа үйлердің құрылысы басталды

Мақтаарал ауданындағы сел жүрген екі ауылда жаңа үйлердің құрылысы басталды

Мақтаарал ауданындағы топан су шайған Өргебас пен Фирдауси ауылдарында қабырғалары шытынаған үйлер мен қора-қопсылардың материалдарын реттеу жұмыстары басталды, – деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алдағы екі-үш күнде тұрғындар жаңа үйлердің іргетастарын қалауға кіріспек. Ол үшін ескі материалдардан қалып жасау жұмыстары қыза түскен. Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, қазіргі таңда су басқан 5 ауылда түгендеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іспен арнайы жұмысшы тобы айналысуда.

«Дәл қазіргі уақытта біз топан су шайған 5 ауылдағы үйлерді түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Екі-үш күнде қанша үйдің бұзылғаны, қайта салынатыны белгілі болады. Сол кезде бұл туралы мәліметті жалпыға ортақ етіп, жария етеміз. Әзірге тұрғындар уақытты тиімді пайданалып, су шайған аулаларын күл-қоқыстан тазартып, құлаған үйлер мен қора-қопсыларын ретке келтіріп жатыр», - дейді Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, Өргебас пен Фирдауси елді мекендерінің тұрғындары ешқайда көшірілмейді.

Сондай-ақ, олар үйлерінің құрылыстарын өздері жүргізетін болады. Яғни, бұзылған үйлердің өтемақысы тұрғындарға үкіметтік резервтен кезең-кезеңімен аударылып отырады.

Таяуда ғана Үкіметтік комиссия мен тұрғындардың кездесуінен кейін осындай шешім қабылданған болатын.