Гүлзира Айдарбекова емші Бағдагүлдің сынына жауап берді

Гүлзира Айдарбекова емші Бағдагүлдің сынына жауап берді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова өзін сынаған емші Бағдагүлге әлеуметтік желіде жауап берді, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсердің айтуынша, емші Шымкенттегі концертке қатысты расталмаған мәліметтер жариялап, кейін сөзін өзгерткен. Айдарбекова оның адам өлімі туралы ақпарат таратқанын айтып, наразылығын білдірді.

“Бұл жалған ақпараттар жіберген: адам өлімі болды деп бір, одан кейін бір қыз көз жұмды деп, одан кейін жамандап видео салды. Соны историяма салып едім, белгілеп, «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп, сөзін өзгертіп, халық-халық деп сөзін дереу өзгертіп, осылай видео салды”, — деп жазды ол.

Гүлзира Айдарбекова өзгенің өміріне араласпайтынын, алайда ұлына қатысты айтылған сөздерді жауапсыз қалдырмайтынын жеткізді.

“Мен біреуге тиіспеймін де, елдің өмірінде шаруам да жоқ, бірақ ұлыма тиіссе, қарап отыра алмаймын”, — деді продюсер.


 


Сондай-ақ ол адам өлімі туралы жалған ақпарат таратудың жауапкершілігі бар екенін ескертті. 

Айта кетейік, Бағдагүл емші Қайрат Нұртастың концертін сынады.

Гүлзира Айдарбекова кім?

Гүлзира Айдарбекова - қазақстандық продюсер, кәсіпкер және әнші Қайрат Нұртастың анасы. Ол 1968 жылғы 12 сәуірде дүниеге келген. Жұбайы Нұртас Айдарбековпен бірге Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірген.

Қайрат Нұртастың шығармашылық жолында анасының үлесі зор. Гүлзира Айдарбекова ұлының сахнаға шығуына қолдау көрсетіп, ұзақ жыл продюсерлік қызметін атқарған. Оның концерттерін ұйымдастыруға, шығармашылық жобаларын іске асыруға және тыңдарманға танылуына атсалысқан. 2008 жылы анасы мен баласы “Kairat Nurtas Production” продюсерлік орталығын құрған.

2025 жылы Гүлзира Айдарбекова продюсерлік жұмыстан шегініп, шығармашылық істерді ұлының өзіне тапсырғанын мәлімдеді. Дегенмен ол Қайратқа қолдау көрсетіп, отбасына қатысты жаңалықтарды әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісіп келеді.