Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде жариялаған даулы видеосынан кейін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, интернетте тараған бейнежазбада ер адам балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған әрі айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Тәртіп сақшылары видео авторының жеке басын анықтады. Ол – 36 жастағы Алматы қаласының тұрғыны. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот оның кінәсін дәлелденген деп танып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Полиция әлеуметтік желіде танымал болуға ұмтылу заң талаптарын бұзуға себеп бола алмайтынын ескертті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекет, оның қандай мақсатпен жасалғанына қарамастан, заң аясында бағаланып, тиісті жауапкершілікке әкеледі.