Көлік ұрлады деп 5 жылға сотталған: кассациялық сот ер адамды ақтап, қамаудан босатты

Көлік ұрлады деп 5 жылға сотталған: кассациялық сот ер адамды ақтап, қамаудан босатты
Ашық дереккөзден

Кассациялық сот автокөлікті заңсыз иеленді деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандыққа қатысты төменгі соттардың үкімін жойды. Қылмыстық іс тоқтатылып, ер адам қамаудан босатылды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2024 жылғы 23 қазанда болған. Ер адам жүргізушінің Hyundai Elantra көлігінен қысқа уақытқа шығып кеткенін пайдаланып, рөлге отырған. Оның түсіндіруінше, ол жүргізушінің өтініші бойынша жолды босату үшін көлікті басқа жерге қою мақсатында көлік басқарған.

Алайда қозғалыс кезінде Hyundai Elantra тағы екі көлікпен соқтығысқан.

Бірінші инстанция соты ер адамды көлікті жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленді деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Сотталушы кассациялық шағым түсірген.

Кассациялық сот айыптау тарапы көлікті заңсыз иеленуге бағытталған тікелей ниеттің болғанын дәлелдей алмаған деген қорытындыға келген.

Сот оқиғаның бейнежазбасы жоқ екенін, көліктің қозғалысын көрген куәгерлер анықталмағанын және жол-көлік оқиғасының сызбасы көліктің нақты қанша қашықтыққа қозғалғанын әрі соқтығысқан жерін анықтауға мүмкіндік бермейтінін ескерген.

Сонымен қатар сот актілерінде келтірілген залал көлемінің әртүрлі көрсетілгеніне назар аударылған.

Осыған байланысты кассациялық сот төменгі соттардың шешімдерінің күшін жойып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты.

Ер адам сот залынан дереу босатылды.