Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желіде тараған қауіпті бейнежазбаға байланысты жүргізуші мен жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазбада қозғалыс кезінде жеңіл автокөліктің жолаушысы қауіпсіздік талаптарын елемей, денесін көліктің терезесінен сыртқа шығарғаны көрінеді. Бұл әрекет өзінің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына да қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері тексеру барысында оқиғаға қатысушыларды жедел анықтады. Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 27 жастағы жүргізуші жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Сонымен қатар қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыға қатысты да әкімшілік шара қолданылды.
Полиция жол қозғалысы қағидаларын сақтау әрбір жүргізуші мен жолаушының міндеті екенін еске салып, әсерлі фото немесе бейне түсіру мақсатында өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге бармауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, бір ғана жауапсыз қадам орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Еске сала кетейік, соңғы уақытта елде 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты медициналық тексеру мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы тәртіп өзгермегенін айтып, ресми түсініктеме берген болатын.